Соңғы 2 жылда елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы 10 мыңнан аса бала дүниеге келген. Бұған дейін "Аңсаған сәби" бағдарламасы өз тиімділігін көрсетіп, 2030 жылға дейін ұзартылған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл Қызылорда облысында аталған бағдарлама бойынша мұқтаж отбасыларға 270 квота бөлінген. Бұл туралы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Әбубәкірова айтып берді.
"Аңсаған сәби" – бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған бағдарлама. Жоба аясында өңірде 2015 жылы 34 квота бөлінсе, бүгінде оның саны 8 есеге артып отыр. 2023 жылы 274 квота бөлініп, өткен жылдың желтоқсан айына дейін толық игерілді. Оның ішінде 136 жүктілік тіркеліп, 32 жағдай түсікпен аяқталды. Өткен жылы экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы 86 бала дүниеге келсе, 1 отбасында егіз сәби дүниеге келді. Бүгінде 51 әйел жүктілік кезеңін өткізуде, - деді ол.
Елімізде "Аңсаған сәби" арнаулы бағдарламасы 2021 жылдан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған еді. Жоба қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуді мақсат етеді.
"2024 жылға "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша Қызылорда облысына 270 квота бөлініп, қазіргі таңда 76 әйел жолданды. Өңір бойынша ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің саны – 174 931. Айта кетейін, аймақта 6320 бедеу отбасы бар. Бүгінгі күні 750 отбасы квота кезегін күтуде. Кезекте тұрған отбасының барлығы өңірлік комиссия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданады. Бағдарлама шеңберінде экстракорпоральды ұрықтандыру циклдеріне мониторинг жасалу, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстары басқарма тарапынан жүргізіледі", - деп сөзін жалғастырды Жаңыл Исақызы.