Сыр елінде шаруалар форвардтық жүйемен егін егіп жатыр

Жергілікті шаруалар су тапшылығын сезініп келеді.  

Сыр елінде шаруалар форвардтық жүйемен егін егіп жатыр Фото: Бақберген Амантай

Сондықтан, кезектесіп суаруды да жолға қойған. Әрі әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруді мықтап қолға алған.

Ал форвардтық келісімшартпен егін егу – облыс тарихындағы тың тәсіл, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жаңақорған ауданындағы "Жақсылық и К" шаруа қожалығының төрағасы Ерғали Исматуллаев 20-30 жылдық тәжірибесі бар агрономдармен бірлесіп, жүйелі жұмыс істеп келеді.

Биыл қожалық форвардтық келісімшарт арқылы "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 10 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, әрекет етіп отыр. Қожалық 3 гектар жерге картоп, 3 гектар сәбіз еккен. Мұнан бөлек, 5 гектарға қарбыз, 1 гектарға қауын және 33 гектарға күріш дақылын орналастырған.

Әртараптандыру бағытындағы жұмысымыз су тапшылығын тудырмауға, тіпті бағаны тұрақтандыруға да көп көмегін тигізеді. Олай деуге себеп, биыл тұңғыш рет "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 100 тонна сәбіз, 30 тонна картоп өнімін беру үшін келісімшартқа отырдық. Сәбізді 110, картопты 120 теңгеге өткіземіз. Ең бастысы, өнімдер қысқа сақтауға жарауы керек. Сондықтан, өнімдерді әдейі кеш ектік. Бір суыққа ілінсе, өнімнің сақталуы ұзаққа жарайды. Биыл арнайы жер ашып, дақылдарды тың жерге тастадым, енді өнімін күтеміз, - деді Ерғали Исматуллаев.

Сонымен қатар, диқан форвардтық келісімшарттың артықшылығына да тоқталып өтті.

Ерте көктемде егін еккісі келетін адам көп, бірақ оған қаражат керек. Форвардтық жүйеде алдын ала ақшасын береді, тағы десең күзде өнімді өткізетін жерің бар, еш қорықпайсың. Біздің жұмыс – өнімді барынша сапалы етіп, келісімшарт бойынша уақытылы табыстау, - дейді ол.

Жалпы, форвардтық жүйемен егін егудің шаруаларға берер пайдасы көп. Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруалардың да жұмысы шатқаяқтамайды.

Су тапшылығына байланысты наурыз айынан бастап арнайы жұмыс тобымен шаруаларды аралап, олардың суды көп қажет ететін дақылдарды аз орналастыруына, әртараптандыру бағытына бет бұруына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде біз су шықпайтын биік жерлерге, суға қашық жерлерге күріш еккен жоқпыз. Әртараптандыру бағытында бақша дақылдары, көкөніс түрлеріне басымдық беріп келеміз. Биыл форвардтық жүйеде жаңақорғандық диқандар белсенділік танытты. Форвардтық келісімшарт – диқандарды көктемгі уақытта тұқыммен қамтамасыз ету үшін, басқа да шығындарын жабуға қаржылай көмек беру, - деді Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Форвардтық келісімшарт деген ағылшын тілінен аударғанда "болашақтың келісімшарты" деген мағынаны береді екен. Жергілікті диқандардың бір орында тұрып қалмай, болашақты ойлап қарекет қылғаны қуантады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу