Сыр елінде тоғызқұмалақшылар династиясы тұрады

Елеусіновтердің ұлттық ойындағы елеулі істерін көпшілік жақсы біледі.  

Сыр елінде тоғызқұмалақшылар династиясы тұрады Фото: Елеусіновтер отбасының жеке мұрағатынан

Бұл әулеттің жасы да, жасамысы да тақта үстіндегі тартыстан еш тартынбайды.

Ұлттық спорт күніне орай inbusiness.kz тілшісі тоғызқұмалақтан әлемнің 3 дүркін чемпионы, Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусіновты әңгімеге тартқан болатын.

Төл ойынның жанашыры "Наурызнама" онкүндігі аясында ұлттық спорттың арнайы күн ретінде тойлануын жақсылыққа балайды.

"Ұлттық спорт күнін арнайы мереке ретінде белгілеуін зор қуанышпен қабылдадық, сонымен қатар ел арасында одан әрі насихатталып, дамуына айтарлықтай үлес қосады деп сенемін.

Республика бойынша тоғызқұмалақ спорты жақсы дамыған аймақтар қатарында Қызылорда облысы да бар. Барлық жас ерекшелік бойынша үнемі жүлделі орындарды иеленеміз. Қызылорда қаласы мен 7 ауданда үйірмелер жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі чемпиондарды шығарып жатырмыз", - деді ол.

Сыр өңірі жұртшылығы Елеусіновтердің ұлттық спорттағы елеулі істерін жақсы біледі. Тіпті, бұл әулетті тоғызқұмалақ династиясы деуге әбден болады.

"Әкеміз Мектепхан Елеусінов – тоғызқұмалақ, шахмат және еркін күрестен спорт шеберліне кандидат кісі. Бауырларым – Біржан Елеусінов ҚР спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы болса, Білімжан Елеусін де – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Сондай-ақ, жиеніміз Дамир Ахметов ҚР спорт шебері, жасөспірімдер, жастар арасында ҚР бірнеше дүркін чемпионы атанды, Азия үздігі саналды. Нұрай, Нүрила Мектепхандар – ҚР спорт шебері, ҚР жасөспірімдер, жастар арасындағы бірнеше дүркін чемпиондары", - дейді тоғызқұмалақтан Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусінов.

Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов отбасындағы тәртіп пен тәрбиеге байланысты ұлттық ойынға жақын өскенін айтады.

"Тоғызқұмалақ ойнауыма әкемнің мектебі мен бауырларымның ықпалы ерекше болды. Ұлттық ойынның адамға тигізер пайдасы көп екені айтылып та, жазылып та жүр. Жалпы, тоғызқұмалақ – зияткерлік спорт түрі, зерделі жандардың ойыны", - дейді ол.

Қызылордада ұлттық спорт күніне орай теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, бес асық, арқан тарту сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу