Тағдырдың жазуымен Ақмешіт атырабына кіндігі байланған отандастар мейрамды жақсы жоралғылармен көмкерді. Бірі тұсау кесу тойын жасаса, енді бірі ауылдастарын наурыз көжеге шақырып, құрметтеді.
Сыр өңіріндегі өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған мекеннің бірі – ІІІ Интернационал ауылы.
Депортация дүрбелеңінен кейін Дямуршаевтар отбасы да осы жерде тамырын тереңге жайды. Олардың ұлты түрік болғанымен, қазақтың салт-дәстүріне құрметі ерек.
"Туған жерім – Қазақстаным. Қазақстанда болғаныма ризамын. Қазақ ұлты болсын, басқа ұлт болсын, бәріміз бір үйдің баласындай татумыз", – дейді ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Салтанат Дямуршаева.
Жалағаштағы шешен ұлтының өкілі Махмут Хамиевтің де шаңырағында шат-шадыман мереке. Бұл үйде ауылдастарға арнап ақ дастархан жайылып, наурыз көже әзірленді. Тегі басқа болғанымен, тілегі бір ағайын кең пейіл қазақ халқына деген шынайы разылығын осылай білдірді.
"Біздің әке-шешеміз жер аударып келгенде осы жақтың халқы қатты көмектескен. Соның бәрін бізге айтатын. Сол кезде көп адамдар өлімнен аман қалған", – дейді Жалағаш кентінің тұрғыны Махмут Хамиев.
"Әдет-ғұрып, салт-дәстүр – ұлттың айнасы. Өзге ұлт өкілдерінің қазақтың тілімен бірге, ұлттық құндылықтарын да ұлықтай білгені туған жерге, елге деген құрметі болса керек. "Біздің тілегіміз – еліміздің бірлігі мен берекесі мәңгілікке ұласса екен", – дейді отандастар.