Майдангердің 100 жасқа толуына және батырлығына құрмет есебінде берілген сыйлыққа қызылордалықтар да қуанып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновтің үйіне барған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтар ақсақалды 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан 3 бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.
Майдангер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтып, ел азаматтарына ақ батасын берді. Айта кетейік, жаңа баспана Қазалы ауданында салынған екі пәтерлі үйлерден сыйланды.
Ғасыр жасаған қарт Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы майданға алынып, 291-атқыштар полкі құрамына жіберілген. Беларусьті, Польшаны, Чехословакияны, Калининград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Бас қолбасшының "Алғыс хатын" алып, "Кенигсберг қаласын азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған.