Қызылорда облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, соңғы 4 ай қорытындысымен облыстағы құрылыс жұмыстарының көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 144 пайызға өскен. Ал қазіргі таңда өңірде 150 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы облыста 174,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй ел игілігіне берілді. Осылайша, пайдалануға берілген тұрғын үй саны 2,4 пайызға, ал құрылыс көлемі 44 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында биыл мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 19,1 млрд.теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға жалпы ауданы 90,0 мың шаршы метр болатын 1 346 пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы салынуда.
"Биыл облыста бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, жаңа ғимараттардың іргетасы қаланды. Соның бірі – "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде 27 дәрігерлік амбулаторияны салу жоспарлануда. Қазіргі таңда оның 16-ы салынып жатыр. Бұдан бөлек, қаланың сол жағалауында бір ауысымда 100 адамды қабылдауға арналған емхана мен 300 орындық онкологиялық бөлімшесі бар көп бейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд.теңге. Осы сол жағалауда құны 2,7 млрд.теңгені құрайтын облыстық қан орталығының да құрылысы да қарқынды жүруде. Сонымен қатар қалада 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу үшін тиісті жұмыстар пысықталып жатыр. Ал білім саласына тоқталатын болсам, бүгінде облыстық бюджет есебінен 10 мектептің құрылысы басталды. Бұған қоса, өңірде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, қаланың сол жағалауында дарынды балаларға арналған 300 орындық физика-математика мектеп интернатының іргетасы маусым айында қаланады. Биыл облыста бірнеше мәдени нысандар мен спорт орталықтарының құрылысы басталған болатын. Атап айтқанда, "Көп салалы дене шынықтыру сауықтыру кешені" мен облыс көлеміндегі 13 спорт нысаны салынуда. Сондай-ақ, 7 мың адамға арналған жаңа стадионның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал биыл құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын жаңа Неке сарайы мен мың орындық Өнер орталығы Сыр жұртшылығына пайдалануға беріледі. Одан бөлек, бірқатар аудандарда 5 ауылдық клуб пен бір мәдениет үйінің құрылысы салынып жатыр", - деді басқарма басшысы Ерлан Кәрімбекұлы.
Әлеуметтік нысандар салуда демеушілердің де үлесі зор. Соның бірі - Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд.теңңгені құрайтын "Анаға тағзым" орталығы осы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. "Болат Өтемұратов Қорының" қолдауымен жаңа әуежай терминалы салынуда, ал "ҚазГерМұнай" ұлттық компаниясының демеушілігімен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Құрылыс компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің бастамасымен Қызылорда қаласында 26 көпқабатты тұрғын үйлердің қас беттері жаңартылуда.