Сыр өңірінде 50-ден аса мотоскутер айып тұрағына қойылды

Қызылордада мопед және скутер тізгіндегендердің басым бөлігі – жастар. Олар жол қозғалысына жиі-жиі кедергі келтіреді.

Сыр өңірінде 50-ден аса мотоскутер айып тұрағына қойылды Фото: inbusiness.kz

Жыл басынан бері қос дөңгелекті қозғалыс құралдарының қатысуымен 42 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 43 мопед және скутер жүргізушісі автокөліктерді зақымдап, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осы күні қызылордалық полицейлер скутер, мопед жүргізушілеріне қатысты рейдтік шараларды күшейтуге мәжбүр. Себебі сол, статистика күн санап бой бермей барады. Негізі, елімізде электр қуатымен қозғалатын және көлемі аз қозғалтқышпен жүретін мотоскутерлерді қолданудың нақты ережесі жоқ. Жалпылама бекітілген тәртіп болғанымен, оны жұртшылық ескере қоймайды. Ал, оның соңы адам өліміне бастап жатыр.

Жақында ғана шаһардағы Т.Рысқұлов атындағы көшеде 20 жастағы скутер жүргізушісі газель автокөлігімен соқтығысып, оқиға орында қайтыс болды. Жалпы, осы жылы облыс көлемінде мопед, скутерлердің қатысуымен 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Сонымен қатар, қос дөңгелекті қозғалыс құралын тізгіндегендер тоқтап тұрған 43 автокөлікке соғып, оқиға орнынан қашып үлгергені анықталған.

"Көп ұзамай скутер, мопедтерге қатысты жаңа заң күшіне енеді. Онда мотоскутерлерді міндетті түрде А1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен 16 жасқа толған азаматтардың басқаруы міндеттеледі. Бұл бойынша қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, ескертеміз. Айыппұлдары енді белгіленеді. Полицейлер қос дөңгелекті қозғалыс құралын мінуге құмар жастардың ата-аналарымен жиын өткізіп, мұндай құжатсыз техникаларды алып бермеуді сұрайды. Негізі, жүргізуші 18 жасқа толғанымен, қорғаныш бас киімі және жарық шағылыстырғыш белгісі болуы қажет. Сондай-ақ, олар жолдың тек оң жолағымен жүруі керек", - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жұлдызбек Құскеев.

"Мотоскутер тізгіндегендер бір-бірімен жарысады, бағдаршамды бар екен демейді, тіпті жаяу жүргіншілер жолына шығып, тұрғындарды қағып кеткен оқиғалар да бар" дейді полицейлер.

"Мопед, скутер мінгендердің көбі жастар екенін көріп жүрміз. Соңғы уақытта олардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары да көбейіп кетті. Менің байқағаным, қалада жеткізу қызметіндегілер де мотоскутерлерді көп пайдаланады. Қалай десек те, адам өмірі бәрінен қымбат. Сондықтан, заңның күшейгені дұрыс та шығар", - дейді қала тұрғыны Бауыржан Шерғазиев.

Екі күндік рейд жұмыстары көлік түріне жатпайтын қозғалыс құралына баласын құжатсыз мінгізген кез келген ата-ананы ойландыруы тиіс. Белгілі-бір деңгейде тәртіп болмаса, мәселенің ушыға беретіні де анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу