Сыр өңірінде күріш алқабы тағы 4500 гектарға қысқартылуы мүмкін

2111

Мамандар диқандардың былтырғыдай шығынға ұшырауының жолын ұсынды.

Сыр өңірінде күріш алқабы тағы 4500 гектарға қысқартылуы мүмкін

Биыл күріштік көлемі 5000 гектарға қысқарғаны белгілі. Шаруалар шығынға ұшырамас үшін мамандар тағы 4500 гектарға қысқартуы мүмкін. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар егуге басымдық берілмек. 

Қазір Сырдарияның деңгейі едәуір түсіп кетті. Бүгінгі күнге Шардара қоймасындағы су көлемі 4500 миллиард текшеметрді құрайды. Сырдария өзенінің төменгі ағысына Шардара мен Көксарайды қосқанда шамамен секундына 495 текшеметр су келіп түсуде.

"Шардарадан 250 текше метр, Көксарайдан 380 текше метр тасталуда. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының шегіне бүгінгі күнге шамамен 495-496 текше метр су келіп жатыр. Қызылорда су торабына дейін осы судың 311 текше метрі каналдар арқылы аудандарға таралып жатыр", - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов. 

Көршілес елдерде суға сұраныс артқан сайын Сырдария таяздана түсетіні белгілі. Әсіресе маусымдық кезеңде дариядағы су деңгейінің төмендегені шаруалардың басты уайымына айналып отыр. Несін жасырайық, асау мінез танытып арнасынан асатын Сырдарияның бүгінгі жағдайы мәз емес. Ал мамандар бұл 7-8 жылда бір қайталанатын құбылыс дейді. 

"Егер судың жағдайы бұдан әрі қарай жақсармайтын болса аудандардағы шаруашылықтарға осы бастан ескертіп жатырмыз. Қосымша әр канал бойынша  тағы да 4,5 гектардай күріш көлемін қысқарту қажет болып қалуы мүмкін. Мамандар қазір сараптап, ертең тағы аудандардың барлығына зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін судың деңгейіне қарай шешім қабылдаймыз", - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Жалпы биыл 188 мың гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру  межеленген. Тіршілік нәрінің жетіспеуіне байланысты суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылуда. 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу