Ешқандай санатқа жатпайтын сырбойылық төртінші билік өкілдері үшін өткен жылы жақсы жаңалықтың шеті шыққан еді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әртүрлі салада қызмет ететін бірқатар жасқа пәтер кілті табысталады. Оның ішінде қызылордалық БАҚ өкілдері де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
Жалпы, Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беруге арналған "Сыр жастары" бағдарламасы бекітілген. Бағдарлама шарты бойынша жастар және жас отбасылар жылдық 5% пайыздық мөлшерлемемен, үй бағасының 10% жарнасын жинап, жалпы құны 17 миллион теңге тұратын тұрғын үйді ала алады. ҚР азаматы болып табылатын, 35 жастан аспаған, тұрақты жұмыс істейтін, Қызылорда облысында тұрақты тіркеуі бар жастар бағдарламаға қатысты.
Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс 24 сессиясының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №172 "Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 "2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешіміне сәйкес, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-на бюджеттік кредит беру мақсатында 1,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлінген болатын.
"Сондай-ақ, бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін "Отбасы банк" АҚ тарапынан 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Белгіленген заңдылықтарға сәйкес, Қызылорда облысы әкімдігі мен "Отбасы банк" АҚ арасында екіжақты келісімшарт жасалды", - деді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының Жастармен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Гүлнар Сәрсенбайқызы.
Бағдарлама бойынша 2023 жылдың 12-26 қазаны аралығында "kezekte.kz" онлайн платформасының "Жастар" ақпараттық сервисі арқылы құжаттар онлайн қабылданған. Құжаттар 11 санат бойынша алынса, конкурсқа 789 жастан өтінім түскен. 2023 жылғы 13 қараша күні өтінімдер толық қаралып, басқарма жанынан құрылған комиссия отырысында санаттар бойынша тұрғын үй квотасы бөлінді. Нәтижесінде конкурсқа құжат тапсырған 100 үміткерге "Отбасы банк" АҚ ҚОФ-нан төлем қабілетін растаудан өту үшін жолдама берілген.
Жалпы облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрған жастардың жалпы саны – 7244, оның 6103-і – Қызылорда қаласында.