Бұл шешім таңбалау жүйесін сапалы әрі тұрақты енгізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнес пен тұтынушылар үшін ықтимал теріс салдарды барынша азайту мақсатында қабылданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мерзімдерді ауыстырудың негізгі себептерінің бірі – нарық қатысушыларының техникалық және ұйымдастырушылық дайындығы. Бизнес-қоғамдастық тарапынан сыра өнімдерін міндетті таңбалауды кейінге қалдыру туралы ұсыныстар түскен. Қосымша уақыт IT-шешімдерді интеграциялауға, кодтарды жағу және сканерлеу процестерін тестілеуге, сондай-ақ өнім жеткізілімдеріндегі іркілістердің алдын алуға мүмкіндік береді", – делінген құжатта.
Сонымен қатар таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу тұтынушылар үшін тауар тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған. Бұл ассортименттің уақытша қысқаруын және жеткізілімдердегі үзілістерді болдырмауға ықпал етеді.
Министрлік мәліметінше, сыраны міндетті таңбалау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мерзімдерді кейінге қалдыру реформаны тоқтатпайды, керісінше оны тиімді іске асыруға жағдай жасайды. Нәтижесінде заңсыз айналым көлемі қысқарып, салық түсімдері артады және нарықта адал бәсекелестік орта қалыптасады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығына сәйкес сыра қайнату өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізу басталады.