Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты елдімекеннің бірінде кәмелетке толмаған жеткіншекке азғындық әрекет жасаған күдікті қолға түсті. Күдікті баланың әкесінің досы болып шыққан.
11 жастағы зорланған баланың жайын көршілері оның 5 жасар інісінен естіпті. Бала жантүршігерлік сорақы жағдайды көріп, көршілерден көмек сұраған екен. Әкесінің досы ағасын зорлап, қорлыққа шыдамаған соң ағасы үйден қашып кеткенін айтыпты. Сұмдықты естіген көршілері дабыл қағып құзырлы органдарды шақырған.
Көршісі Лилия Галиева зорланған бала канал бойында түнеп жүргенін айтады.
"Үйіне баруға қорқамын деді. Әкесі ұруды әдетке айналдырған. Жалғызбасты әкенің тұрақты жұмысы жоқ, балалардың жәрдемақысымен күн көріп отыр. Аналары осыдан 4 жыл бұрын қалада көлік қағып, қайтыс болды", – дейді көршісі.
Бұл мәселеге орай Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің қамауға алынғанын айтты.
"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабымен тергеп-тексеру жүргізілуде. Онда жас балаларды азғындық жолға түсіру жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті ұсталып, Сырдария аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", -– деп мәлім етті.
Ведомствоның хабарлауынша, қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бүгінде балалар облыстық кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына орналастырылған.
Нұрбек Дәуренбеков