Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі – өзен суымен тікелей байланысты. Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария мен Арал мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 млрд 500 млн текше метрге азайып кетті. Атап айтқанда 27 млрд текше метрден 18,5 млрд текше метрге дейін. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз. Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде, өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, 2023 жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су құйған", – деді облыс әкімі.
Мемлекет Басшысының қолдауымен өткен жылдан бастап, құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын "Көкарал бөгетін сақтап қалу" жобасы іске асуда. Оған 2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы 1,9 млрд теңге бөлінді. Жоба келесі жылы аяқталады.
"Нәтижесінде, Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады", – деді өңір әкімі.