Биыл Орталық Азия елдеріндегі әріптестермен бірнеше кездесу өткізіп, Қазақстанға келетін су көлемі келісілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы көрші елдермен трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша комиссиялар мен жұмыс топтарының 44 отырысын өткізді.
Оның ішінде 25 іс–шара Орталық Азия елдерімен Сырдария, Шу және Талас өзендері бойынша өтті. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде өткен суару маусымында еліміздің оңтүстігіндегі шаруалардың суармалы суға сұраныстары толық қанағаттандырылды. Солтүстік Аралға қосымша су жіберілді және Өзбекстанмен бірлесіп Сырдария өзеніндегі суды есепке алудың заманауи жүйелері орнатылатын 10 су бекеті анықталды.
Қытай және Ресейдің су шаруашылығы ведомстволарымен бірлескен 19 отырыс өтті. Нәтижесінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ҚХР Су шаруашылығы министрлігі арасында су ресурстары саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жобасы келісілді. Маңызды құжатқа биыл қол қою жоспарланып отыр. Ресей Федерациясымен су тасқынын өткізу кезінде өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобы құрылды.
"Біздің министрлік трансшекаралық суларды бөлу және су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша көрші елдермен белсенді іс-қимылды жалғастырады. Биыл Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірнеше кездесу өткізіп, Қазақстанға келетін су көлемін келісеміз. Мәселен, Өзбекстанмен келіссөздер нәтижесінде 2025 жылдың қазанына дейін Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына 16 млрд текше метр су келеді деп күтілуде", - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Данияр Шәріп.