Қызылорда облысы Қазалы ауданында төтенше жағдай жарияланды. Басықара су торабында мұз кептеліп, Сырдария өзені арнасынан асты, деп хабарлайды 24.kz.
Балшықсай, Құмжиек және Шортай учаскелеріне су жайылып, 23 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 8-і бала. Сонымен қатар қауіпті аймақта орналасқан шаруа қожалықтарының 32 бас мүйізді ірі қарасы мен 40 шақты жылқысы құтқарылды. Эвакуациялық шараларға тікұшақ тартылды. Мұз жару жұмысы жүргізіліп, сірескен сең қозғалды. Қазір өзен арнасындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеді.
"Жаңақорғаннан бастап Арал ауданына дейінгі Сырдария өзені бойында орналасқан елді мекен тұрғындарына, жайылымдық және қыстаудағы малшыларға бәріне тараттық. Одан бөлек көктемгі су тасқыны басталғаннан бері өзіміздің жедел топты құрып, 12 автокөлік, 23 қызметкермен күнде мониторинг жасап, сол мұздың жүріс-тұрысын қарап отырмыз. Ескертіп, алдын-ала жұмыс жүргіздік", – дейді облыстық ТЖД басшысы Омар Бержанов.
"Мал қырылды. Шығын есептеліп жатыр. Арнайы төтенше жағдай комиссиясы құрылды. Заңға сәйкес арнайы есепке алынған малдың шығыны өтеледі", – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов.