Сырдария өзенінде сең қозғалды

2713

Қауіпті тұстарда қалың мұздың жиналып қалмауын бақылау мақсатында су тасқынына қарсы штаб жұмыс режимін күшейтті.

Сырдария өзенінде сең қозғалды

Бүгінде дария бойында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылуда. Сең Шиелі ауданындағы Тоштаб учаскесі тұсынан бері қарай жылжуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Биыл өзен арнасында соңғы 7 жылда болмаған қалың мұз қатты. Мәселен, қазірдің өзінде оңтүстік аудандарда мұздың қалыңдығы 10 см, ал Қазалы, Арал аудандарында 70 см деңгейінде. Бүгінде Шардара су қоймасынан төмен қарай секундына 300 текше метр су түсіп жатыр. Оның 200 текше метрі Көксарай су қоймасына құйылуда. Әйтсе де, су деңгейі төмен болғанымен қауіптілік өте жоғары, дейді мамандар.

"Қазіргі таңда мұздың сеңі Шиелі ауданынан түсіп келеді. Қызылорда су торабынан 245 шақырым қашықтықта. Азаматтық қорғау күштерінен 1081 адам және 361 техника, 75 су сору мотопомбасы, 9 жүзу құралы, 1 тікұшақ дайындыққа келтірілген. Бізде 84 эвакуациялық жинақтау пункті және 101 эвакуациялық қабылдау пункті бар",– деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Биыл да Көксарайға жылдағыдай 2 млрд текше метр су жинау межеленіп отыр. Дегенмен, су тапшылығы болуы ықтимал, өйткені жауын-шашын аз түсті, дейді мамандар.

 "Гидромет қызметтерінің мәліметінше, Өзбекстан, Қырғызстан гидрометінің таулы өңірлердегі Сырдария өзеніне келіп сулылығы қалыптасатын өңірлерде қардың қалыңдығына, жауын-шашынның мөлшеріне байланысты болжамын алдын ала алып отырмыз. Осы жоғарыдағы өзен бассейіндерінде кіші, үлкен өзендердің, жанама құйылатын өзендердің су мөлшері орташа 15-20% дейін қалыпты жағдайдан аз болжанып отыр", – деді Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Судың аздығы алдағы егін науқанына да әсер етері сөзсіз. Сондықтан су шаруашылығы мамандары егін көлемін шектен тыс асырмау үшін әр ауданға лимит белгіленетінін атап өтті.

Осыған орай, жуырда облыс әкімі сала мамандарымен Сырдария өзенің тікұшақпен барлап шығып, қауіпті аймақтарды жіті бақылауға алуды тапсырды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу