Сырдария өзенінде су тасу қаупі қаншалықты жоғары?

Күн райының күрт жылуынан өзендегі мұздардың жылжуы байқалып отыр. Солай бола тұра, жыл басынан бері Үлкен Арал теңізіне мүлдем су түспеген. 

Сырдария өзенінде су тасу қаупі қаншалықты жоғары? Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 300 текше метр су жіберілуде.

Сондай-ақ, вегетациялық кезеңге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында секундына 100 текше метр су көлемі Көксарай су реттегішіне қабылдануда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Күн райының жылынуы әсерінен қазіргі уақытта облыстың оңтүстік бөлігіндегі Сырдария өзені мұздан толығымен тазарған. Ал, солтүстік аудандарда әлі мұздың жылжуы байқалады. 

- Бүгінгі күнгі нақты ақпаратқа сәйкес, Сырдария ауданы аумағында мұздың жылжуы байқалады. Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары аумағы мұздан толығымен тазарды.

Жалағаш және Қармақшы аудандары аумағында мұздың орташа қалыңдығы 15-17 сантиметрді құраса, Қазалы және Арал аудандары аумағында мұздың қалыңдығы орташа 30 сантиметр болып тұр.

Су деңгейінің төмендігінен және мұздың қалыңдығына сәйкес су тасқыны қаупінің реті жоқ, - дейді "Қазсушар" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Десе де, филиал тарапы су шаруашылығы жағдайына байланысты тиісті мониторинг жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатқанын айтады. Мамандар жағдай толық бақылауда деп сендірді. 

- Осы күні Сырдария өзеннің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су – 200 м3/с. Қызылорда облысына кірген су 323 м3/с болса, Қызылорда су торабына дейін мүлдем су алынбаған, - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.

Жыл басынан бері Үлкен Арал теңізіне мүлдем су түспегені жайлы ақпарат бар, ал Кіші Арал теңізіне 95 миллион текше метр су құйылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу