Сырдың суы экономика мен экологияның реттеушісі

1914

Сырдария өзені "Тоқтағұл" су қоймасында жиналған су көлеміне тәуелді. 

Сырдың суы экономика мен экологияның реттеушісі

Сырдария өзенінің бүгінгі хәлі аймақ халқын дүдәмал күйге түсіріп тұр. Жылап ағып жатқан дарияға я көктең де тамшы тамбай мал отсыз қалудың алдында. Дария суына қатысты ел әкімге, әкім жоғарыға қарайды. Бұл мәселе облыс бедерінде шешілер түйін емес, мемлекетаралық мәселенің күрмеулі ұштығын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың Сыр еліндегі сапарынан аңғардық, деп хабарлайды inbusiness.kz .

Вице-министр Сырдарияның арнасын толтыру үшін халықаралық келісім-шарттар жүріп жатқанын айтты. Яғни Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп Қырғыз еліне электр энергиясын беруде. Тауар алмасуға көшкен қос елі осылайша Қырғызстанға 620 млн кв сағат электр энергиясын бермек. Сәйкесінше олар электр қуатының орнына 370 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.

"Сырдың суы Қырғызстандағы "Тоқтағұл" су қоймасындағы су көлеміне тәуелді. Бірақ аталған қойманың бүгінгі жағдайы мәз емес. Өйткені жылына 15 млрд-тан астам текше метр су жинайтын алып қойма биыл небәрі 7-8 млрд. метр су су жиған. Жауын-шашын мен қардың аз түсуі салдарынан көршілес өзбек, тәжік, қырғыз елдері де су тапшылығының зардабын тартуда. Қырғызстан осының салдарынан электр энергиясын жеткілікті деңгейде өндіре алмай отыр. Сондықтан электр энергиясымен  айырбас ретінде су алуды көздеп отырмыз", – деді С.Қожаниязов.

Гүлшара Әбдіқалықова вегетациялық кезеңде егілген күрішті суға бастыру жағы күрделеніп тұрғанын жеткізді.

"Сырдарияның ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд. текше метрге кем. Күріш егісінің көлемі былтырғыдан қарағанда 5,1 мың гектарға, суға бастыру 7,4 мың гектарға кем келе жатыр", - деді әкім.

Күріш экономикамыздың өзегі ғана емес, экологиялық ахуалымызды реттеуші де. Оның көлемін азайту топырақ бетін тұздың басуына әкеп соғары сөзсіз. Әрі инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді жоғалтудың да зардабы жоқ дей алмаймыз. Бұл дотацияда отырған облыс үшін тиімсіз.

Ендігі үміт вице-министр айтқан халықаралық келісімдердің нәтижесіне тіреліп тұр. Әрі ол уақыт ұттырмай жүзеге асса игілікті жұмыстың үлкен бір парасы болмақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу