Сыртқы істер министрінің Лондонға сапары жалғасуда

510

Ұлыбританияға сапарының екінші күнін Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) штаб-пәтеріне барудан бастады, деп хабарлайды Inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрінің Лондонға сапары жалғасуда Фото: gov.kz

ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассомен келіссөздер барысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ҚР мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.

М.Тілеуберді ЕҚДБ-ның Қазақстанның дамуына өзара қарым-қатынастардың 30 жылдан астам тарихындағы үлесін жоғары бағалады, сондай-ақ банктің қатысуымен өтетін ағымдағы және перспективалы жобаларға, атап айтқанда Алматы қаласының ЖЭО-2 газдандыруға және Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына назар аударды.

"Біз ЕҚДБ-мен транзит-көліктік әлеуетті, логистикалық маршруттарды, баламалы энергетиканы және қалалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз", - деді СІМ басшысы.

Кездесу соңында ЕҚДБ басшысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы маусымда өтетін Астана Халықаралық форумына ресми шақыруы тапсырылды.

Содан кейін British Expertise International компаниясының алаңында М.Тілеуберді британдық іскерлік қоғамдастық өкілдерімен интерактивті дөңгелек үстел форматында кездесті. Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар процесін, ҚР экономикасындағы өзгерістерді, еліміздің шетелдік инвестициялар үшін тартымдылығын арттыру жолдарын және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы салаларын талқылады.

Сол күннің екінші жартысында М.Тілеуберді Ұлыбритания Парламентіне барып, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы, Консервативті партияның депутаты Боб Стюартпен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру жолдарын, соның ішінде келесі жылы аталған топтың делегациясының Астана қаласына жоспарланған сапарын талқылады.

Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топ 2015 жылы парламентаралық диалогты дамыту мақсатында құрылды. Топқа мүше ретінде парламенттің екі палатасының және әртүрлі партиялардың өкілдері кіреді. Олардың құзыретіне сыртқы саясат, қорғаныс, барлау және қауіпсіздік, қару экспортын бақылау, экономика, сауда, ғылым және білім мәселелері кіреді.

Жалпыпартиялық топтың қолдауымен британ парламентінде Қазақстандағы ахуал туралы ақпараттандыруға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-шаралар өткізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу