Сыртқы істер министрінің орынбасарлары ауысты

937

Мемлекет басшысының өкімімен Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Айта кетсек, енді Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы елшісі қызметін атқарады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрінің орынбасарлары ауысты

Бұл орынға Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Ақан Ақасұлы Рахметуллин ауысты, яғни министрдің бірінші орынбасары болды. Ал Әділ Қапанұлы Тұрсынов орынбасарлық қызметке тағайындалды.

Ақан Ақасұлы Рахметуллин 1967 жылы 2 ақпанда Алматыда туған. Алматы энергетикалық институтын және ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірді.

Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы референт лауазымынан бастаған. Қазақстанның Пәкістан мен Аустриядағы елшіліктерінде, Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде жұмыс істеп, онда БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитетінің, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне елімізді ілгерілетудің, БҰҰ түрлі органдарына сайлаудың мәселелерін жүргізді, сондай-ақ Қазақстанның Вена қаласындағы ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде қызмет атқарды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымның екінші өлшемінің (экология және экономика мәселелері) жұмысын үйлестірді.

ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінің кеңесшісі болып, Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті. Орталық аппаратта Көпжақты ынтымақтастық департаментін басқарды. 2019-2021 жылдары Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі болды.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін 2021 жылғы сәуірден бастап Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.

​​Әділ Қапанұлы Тұрсынов 1973 жылы 5 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Өзінің дипломатиялық қызметін 1994 жылы СІМ Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті ретінде бастады. Қазақстан Республикасының Үндістан мен Әзербайжандағы елшіліктерінде, Қазақстан Республикасының Сингапур мен Грузиядағы Уақытша сенімді өкілі ретінде жұмыс істеді.
СІМ Орталық аппаратында Инвестициялар комитеті бөлімінің, Халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасы бөлімінің, ТМД істері жөніндегі комитеттің ТМД-дағы көпжақты ынтымақтастық басқармасының басшысы болды. ҚР Сыртқы істер министрінің Хатшылығын және Кеңсесін басқарды. Еуропа департаменті және ТМД департаментінде директор болды.

2016-2019 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін 2021 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болды.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу