Сыртқы істер министрінің орынбасары Еуроодақтың жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті

462

Еуропалық одақ – еліміздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Еуроодақтың жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті Фото: gov.kz

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде Еуропалық одақтың негізгі институттарының жоғары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп жазады inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесулердің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынастарының барлық спектріне шолу жасау, Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің 2022 жылғы қазандағы Астанаға сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылау.

Роман Василенко Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньмен, ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмормен, Еуропалық парламенттің депутаты, Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеттің мүшесі Начо Санчес-Амормен, Еуропалық парламенттің депутаты, Қазақстан бойынша тең-баяндамашы Андриус Кубилиуспен мазмұнды жүздесулер өткізді.

Тараптар әріптестіктің 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге,  шикізат, аккумуляторлық батареялар мен "жасыл" сутектің құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі "жол картасын" әзірлеу мәселесіне баса назар аударды. Бұдан басқа халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде де жан-жақты пікір алмасты.

Айта кетейік, Қазақстанда 6 мыңға жуық ЕО елдерінің компаниялары жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу