ҚР президентінің арнайы уәкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Марокко Корольдігіне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды mfa.gov.kz.
Сапар барысында Арнайы уәкіл Марокконың Сыртқы істер министрі Насер Буритамен кездесіп, онымен саяси, экономикалық, инвестиция және мәдени салалардағы екіжақты ынтымақтастықты белсендіру жолдарын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың келешегін талқылады.
А.Камалдинов Марокконың Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс білдірді.
Арнайы уәкіл Корольдіктің басты халықаралық мұсылман құрылымы болып есептелетін Ислам ынтымақтастығы ұйымын құрушы мемлекет ретіндегі басты рөлін атап өтіп, 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитіне Марокко Королі Мухаммад VI қатысуының маңызды екендігі туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің жолдауын тапсырды.
Сұхбат барысында тараптар халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша ұстанымдарымен бөлісті. Марокколық министр Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметіне және Сирия бойынша келіссөздердің Астана процесіне жоғары баға берді.
А.Камалдинов өзінің жұмыс сапары бағдарламасының шеңберінде Мағриб елдері сауда-өнеркәсіптік палатасы одағының басшылығымен және бірқатар марокколық кәсіпкерлермен кездесіп, олармен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылады. Бұған қоса ол Корольдіктегі Қазақстанның Құрметті консулдығының ғимаратына барып, сол елдің орталық телеканалы мен бірқатар БАҚ баспасөз беттеріне сұхбат берді.