Мәжіліс кулуарларында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистердің Мұхтар Әбілязовке қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бүгін Франция мен Қазақстан президенттері Мұхтар Әбілязовты талқылап жатыр деген ақпарат бар. Бұл туралы сізде мәлімет бар ма?" – деп сұрады тілшілер
Роман Василенко бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзырына кіреді деп жауап берді.
"Бұл мәселе саяси деңгейде талқыланбайды. Жағдай Қазақстан ғана емес, оның ішінде Еуропа мен АҚШ-та да сот және құқық қорғау органдарының құзырында. Өздеріңіз білесіздер, Мұхтар Әбілязов мырза құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған. Қазақстанда 20 жыл мерзімге сотталды. Сонымен қатар оны Лондонның Жоғарғы соты БТА банктен 4 млрд долларға жуық ақшаны ұрлағаны үшін сотты. Бұған қоса, оған қатысты басқа да сот істері бар, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Францияда. Ал біздің елден БТА банк, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Әділет министрлігі қарсы тарап болып есептеледі", – деп түсіндірді министрлік өкілі.
Осы орайда тілшілер "Қазақстанда олигархты жазалау туралы арнайы жоспар бар ма?" деп сұрады.
"Қазақстан мен Франция арасында экстрадициялау туралы келісім жасалған жоқ. Бұл бұдан әрі француз тарапымен талқыланады. Бірақ, менің білуімше, Әбләзов мырзаға қатысты белгілі бір сот процестері қазір Францияның өзінде өтіп жатыр", – деп түйіндеді Василенко.