Еліміздің сыртқы саяси ведомствосы қазіргі жағдайда ҚР мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алатынын, алаңдаған қазақстандықтарға шетел азаматтарының ҚР-ға кіру және болу тәртібі бар екендігін, оларды бақылауды ҚР ҰҚК Шекара қызметі және тиісінше ҚР ІІМ жүзеге асыратындығын еске салды.
"Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтеміз. Сондықтан, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек. Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары", – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ ведомство таратқан хабарламада, ресми орган кез келген күрделі геосаяси жағдайда "ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетіндігі" айтылған.
"Әлемде орын алған құбылмалы ахуал біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отыр. Сонымен бірге халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз. Қазақстан – егеменді және тәуелсіз мемлекет, қуатты әрі ұйымшыл ел. Мемлекет басшысы кез келген жағдайда халық бірлігінің маңызды екенін үнемі айтуда. Қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн", – дейді СІМ баспасөз қызметінен.