Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің білуімше, саяси жағынан бұл мәселе өзінің шешімін тауып отыр. Біздің сыртқы саясатымыз – үшінші мемлекеттердің ішкі саясаттарына ешқашан да араласпаймыз, ешқандай баға бермейміз. Басты мақсатымыз – Кореяда тұратын біздің азаматтарымызды қорғау. Статистикаға келсек, бүгінгі таңда Оңтүстік Кореямен визасыз режим орнатылған. Сондықтан Қазақстан азаматтарының саны 30 мыңнан асады. Айта кететіні, кейбір кезде біздің Кореяда жүрген азаматтарымыз ішкі миграциялық заңды бұзып жүр. Заңсыз деген сөз ғой. Виза бір айға берілсе, бір айдан аса Кореяда болып, сол жақтан ұшып келеді. Сол себепті бізге Корея тарапынан сұраулар келеді. Бұл мәселені екіжақты шешуге тырысып отырмыз", – деді Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында.
Тілшілер Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты сол елде ұсталған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат бар ма деп сұрады.
"Ондай ақпарат жоқ. Кез келген елшілік ондай жағдай болған кезде Қазақстан азаматтарымен байланыста болады. Сондықтан ондай жағдай болғанда бірден азаматтарымызға ақпарат береміз және ұсыным айтамыз", – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.
Айта кету керек, күні кеше Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай енгізді. Кейін парламент депутаттары бұл шешімнің күшін жойды.