Ал Мемлекет басшысы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі креативті индустрияның үлесі көңіл көншітпейтінін сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір ғана мысал, дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Республикасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалыптастырады.
– Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы.
Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды. Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылығымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алғанымызды хабарлады. Сол себепті, Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.
– Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені, инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс.
Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды, – деді Мемлекет басшысы.