ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапары барысында әлеуметтік қызметкерлермен және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді.
Ол Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту туралы айтып берді.
Тамара Дүйсенованың сөзінше, бүгінгі таңда 116 мемлекеттік интернат-үйлермен қатар 174 ҮЕҰ және жеке сектор субъектілері арнайы қызмет көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін, сондай-ақ оларды жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.
"Арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) қалалар мен облыс орталықтарында ұсынылады. Ал ауылда тұратын мүгедектігі бар адамдардың 45%-дан астамы оларды қолдайтын әлеуметтік қызметтерді алатынын, жергілікті әлеуметтік көмек бөлімшелері үйде ұсынатын жалпылама қызметтерді ғана ала алатынын мойындау керек. Сонымен бірге қызметтердің басым бөлігін ірі мемлекеттік интернаттар ұсынады, олардың кейбіреулерінде қызмет алушылар саны 300 адамға дейін жетеді, әрине бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етеді. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстің жобасында мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздерінің ынтымақты қатысуына баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделуде", – деді Дүйсенова.
Атап айтқанда, өтініш берушіден АӘҚ көрсетудің проактивті форматына көшу көзделеді. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпей, проактивті форматта арнайы әлеуметтік қызмет көрсете отырып, қажеттіліктер картасы қалыптастырылады.
Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасында жұмыссыз адам болса, әлеуметтік қызметке тарту жоспарда бар. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап: олардың қызмет көрсетуге тиісті дағдысы мен икемі болуы шарт.
Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі де берілмек.
"Әлеуметтік қызметкерлер тізімі құрастырылады, онда олардың біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарын көрсететін кәсіби стандарттар әзірленеді. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленетін болады", – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.