Маңғыстау облыстық сотында жыл басынан бері табиғат қорғау жөніндегі талаптар бойынша 14 азаматтық іс қаралған. Нәтижесінде қоршаған ортаға залал келтірген мекемелерге 700 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді. Бұл туралы Ақтауда өткен халықаралық аймақтық семинарда айтылды, деп хабарлайды 24.kz.
ҚР Жоғары сотының және Германия Федеративтік Республикасының судьялары қатысқан жиында тараптар экология заңдылықтарын сақтау, және оларды сот өндірісінде қолдану тәжірибесі бойынша пікір алмасты. Қонақтар қазақстандық әріптестерінің соттары мен техникалық ынтымақтастық жөніндегі қызметін жоғары бағалады.
Айта кетейік, Маңғыстауда шетелдік кен өндіруші компаниялар болғандықтан, судьялар аймақтық соттар өндірісіндегі кейбір істерді неміс заңгерлерімен бірлесе қараған.