Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді енгізу қажет – Үкімет басшысы

440

Күн жылынғаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелді. 

Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді енгізу қажет – Үкімет басшысы Фото: halyq-uni.kz

Табиғи өрт көп жағдайда адамдардың кінәсінен болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.

"Күн жылынғаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелді. Олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен болды. Тіпті елді-мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді", - деді ол.

Үкімет басшысының сөзінше, бұл – бірінші кезекте өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдардың, төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік.

"Сондықтан да өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек. Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді енгізу қажет. Мәселен, "Бурабай" ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің арқасында былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. Мұндай тәжірибені  басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тілсіз жауды тез арада сөндіру үшін экология және төтенше жағдайлар министрліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауы тиіс.

"Олар өрт сөндіру техникаларына ғана емес, сонымен бірге тікұшақтардың да су алуы үшін қажет. Жалпы төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу мен жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы тиіс", - деп түйіндеді Премьер-Министр.

Еске салайық, осыған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов табиғи өртке қарсы дайындық шараларының талапқа сай емес екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу