Табиғи парктерде экотуризмді дамытуды инфрақұрылымның жоқтығы шектеп отыр – сенатор

403

Туризмді дамыту Қазақстанның экономикалық өсуінің маңызды факторы бола алады.

Табиғи парктерде экотуризмді дамытуды инфрақұрылымның жоқтығы шектеп отыр – сенатор Фото: inbusiness.kz

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов отандық туризмнің проблемасын көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"Әрбір екінші шетелдік турист бір жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша туризм экономиканың мұнай өндіруден кейінгі екінші рентабельді секторы болады екен. Қазақстанда табиғи парктерде экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда тиісті инфрақұрылымның болмауы бұл процесті шектеп отыр", - деді ол депутаттық сауалында.

Сұлтан Дүйсембинов жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалатынын жеткізді.

"Интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пункттері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс нысандары абаттандырылмаған", - деді сенатор. 

Сенатор мемлекет тарапынан туризмді нақты дамытуға жағдай жасайтын бағдарлама жоқтығы кедергі екенін тілге тиек етті.

"Сонымен қатар тиісті жүйенің жоқтығы, мемлекеттік органдардағы бюрократия, ұлттық парктер мен туризм саласын реттейтін заңдар арасындағы үйлесімдіктің жоқтығы кедергі болып отыр. Осы саладағы бизнес өкілдері өз бетінше әрекет істеп жатқандарын байқаймыз. Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылады", - деді Сұлтан Дүйсембинов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу