Табылған баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ – Гүлшара Әбдіқалықова

825

Із-түзсіз кеткен кішкентай екі бала Анас Ерхан мен Оразбаев Нұрәліні іздестіруге РФ ІІМБ, ҚР ІІМП жеке құрамы жұмылдырылды және 400 волонтер тартылды. 

Табылған баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ – Гүлшара Әбдіқалықова

Байқоңыр қаласында өзеннен табылған оқушының денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпарат-қа сілтемемен.

"Оқиғаға байланысты Байқоңыр қаласында болдым. Із-түзсіз кеткен кішкентай екі бала Анас Ерхан мен Оразбаев Нұрәліні іздестіруге РФ ІІМБ, ҚР ІІМП жеке құрамы жұмылдырылды және 400 волонтер тартылды. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің іздестіру тобы жұмылдырылып, оның құрамындағы 1 бірлік техника (қайық) және жеке құрамның 7 адамы (сүңгуірлер, кинолог, психолог) іздеу жұмыстарына кірісті. Қанша үміттенсек те, өкінішке қарай, Сырдария өзенінің тікұшақпен ұшу барысында қалалық мәдениет және демалыс саябағы ауданында сүңгуірлер Анас Ерханның денесін тапты (жүргізілген сот-медициналық сараптамаға сәйкес зорлық-зомбылық өлімінің белгілері жоқ)", - деп жазды Г.Әбдіқалықова Faceebook-те.

Оқушы баланың мәйітіне жүргізілген сараптама қорытындысын Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің "Байқоңыр" кешеніндегі тергеу бөлімі де жариялады.

"Жүргізілген сот-медициналық сараптамамен анықталғаны: өлімнің себебі - суға бату кезінде тыныс алу жолдарының жабылуынан болған механикалық асфиксия. Денеде өзге зақымданулар жоқ. Е.А.Анасқа қатысты зорлық-зомбылық жасалғанын нұсқайтын мәліметтер жоқ. Қазіргі уақытта тергеу амалдары, сондай-ақ екінші баланы іздеп-табу бойынша шұғыл-іздестіру шаралары жалғасуда. Оған авиациялық техника, сүңгуірлер, Байқоңыр қаласының тұрғындарынан құралған еріктілер тобы жұмылдырылды", - деп жазылған РФ ведомствосының сайтында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кеше Байқоңыр қаласындағы №275 орта мектебінің 2"А" сынып оқушысы Анас Ерханның ата-анасымен кездесіп, көңіл айтты.

Мәлім болғандай, Ерханның әкесі Ниязбаев Амандық Анасұлы 33 жаста, "Байқоңырэнерго" ӨЭБ ЖБТ электригі. Анасы Әбдіқадырова Қазына Әбдіваханқызы 33 жаста, №272 орта мектептің медбикесі. Толық отбасында 3 бала тәрбиеленген. Ерхан үйінің үлкені.

"Іздестіру іс-шараларын өткізу барысын бақылау шеңберінде ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі С. Сүлейменовпен бірге қала әкімшілігінің басшысы К.Д. Бусыгинмен кездестім. Балаларды іздеу бойынша өткізілген және жоспарланған іс-шаралармен танысып, қажетті тапсырмалар бердім.

Сондай-ақ, Байқоңыр қаласының құқық қорғау органдары басшыларының (Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша ҚР ҰҚКД Байқоңыр қаласы басқармасы, Байқоңыр қаласының прокуратурасы, ҚР Байқоңыр қаласындағы ІІМП, Қармақшы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі), Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары және мектеп директорларының қатысуымен кеңес өткізіп, осындай ауыр фактілердің алдын алу және оған жол бермеу мақсатында оқушылардың ата-аналары мен оқытушылар құрамы арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырдым", - деп жазды өңір әкімі.

Еске салсақ, 20 ақпан күні Байқоңырда 2 оқушы жоғалып кеткен болатын. Іздестіру жұмыстары барыснда олардың бірінің Анас Ерханның денесі судан табылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу