Ақтөбе облысынан "ЅММ", "Кондитерлік іс", "Сұлулық индустриясы", "Тігін ісі" және "Автоэлектрик" бейінді бағыттары бойынша кешенді оқытудан өткен алғашқы 20 түлек грант ретінде ноутбуктер, тігін машиналары, электр пештері, миксерлер, кушеткалар, мультимаркалы сканері және басқа да жабдықтарды сатып алды, деп жазады inbusiness.kz.
Пилоттық жоба қоғамның осал топтарының өкілдерін, сондай-ақ, көпбалалы және толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. Ол "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асырылды.
Облыс әкімдігінің, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы – "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері "Табысты отбасы" жобасының бірінші лек түлектерін оқудың аяқталуымен құттықтап, кәсіпкерлік қызметтің басталуына сәттілік тіледі.
"Бүгінде көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылуда, бірақ "Табысты отбасы" жобасы қысқа мерзімде өз ісін дамыту бойынша білім мен дағдылардан бөлек, бейінді бағытты таңдауға мүмкіндік беретіндігімен, сондай-ақ шағын бизнес субъектілерін ашу үшін жабдықтарды өтеусіз беретіндігімен ерекшеленеді. Бұл – сіздің отбасылық табысыңызды арттырудың тамаша мүмкіндігі. Жоба түлектері оның тиімділігін өз жетістіктерімен дәлелдейтініне күмәнім жоқ", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Жобаның екінші легі бойынша 40 ақтөбелік оқытылады.