АҚШ-тан кейінгі НАТО-дағы ең үлкен әскерге ие ел осындай қадамға баруы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дереккөздің хабарлауынша, Түркия Украинадағы ықтимал бітімгершілік миссиясында төбе көрсетеді.
– Аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қажет деп танылған жағдайда, миссияға қатысу мәселесі қарастырылып, барлық мүдделі тарапен бірлесіп бағаланады, – деді дереккөз журналистерге.
Еуропаның негізгі әскери державалары – Ұлыбритания мен Франция болашақ бейбітшілік келісімінен кейін Украинадағы атысты тоқтату режимін қадағалайтын әскер жіберу мүмкіндігін талқылаған болатын. Вашингтон өз кезегінде америкалық әскер жібермейтінін мәлімдеді.
Украина кез келген бейбітшілік келісімі жергілікті жерде қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ететін мықты күштің болуын талап ететінін айтып келеді. Десе де, Мәскеу НАТО құрамындағы елдердің күштерін орналастыруға қарсылық білдірген.
Есімін құпия ұстап ақпарат берген дереккөз Түркияның Украинаға әскер жіберу мәселесі әлі де өзекті деңгейде екенін, бірақ нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.
– Бұл тұжырымдама әлі нақты анықталған жоқ. Егер Түркия әскер орналастырса, ең алдымен Украина мен Ресей арасында атысты тоқтату туралы келісім болуы керек және алғашқы жіберілетін бөлімшелер тек атысты тоқтату режимін бақылаумен айналысатын болуы тиіс, – деп қосты дереккөз.
Түркиялық БАҚ өткен аптада президент Режеп Тайып Ердоғанның Анкарада Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде әскер орналастыру мүмкіндігін талқылағанын хабарлады.
Түркия соғыс басталғалы бері Ресеймен де, Украинамен де достық қарым-қатынасты сақтап келеді. Бірақ та, тарихи тұрғыдан Мәскеудің бәсекелесі саналады.
Түркия Ресейге қарсы Батыс санкцияларына қосылмады және бұған дейін Киев пен Мәскеу арасындағы келісімдерге делдалдық еткен. Соның бірі – Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік берген келісім.