Биыл 1 қазанға дейін түскен өтінімдер компанияның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаралады.
"Жыл сайын "Орда" бағдарламасы бойынша жоспарлы қаржыландыру – 13,8 млрд теңге. Оны Қазақстан тұрғын үй компаниясы өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жоспарлы көрсеткіштер 4,1 млрд теңгеге асты. Осыған байланысты компания жеке тұлғалардан өтінімдерді қабылдауды тоқтатады", - деп жазылған компания таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2018 жылғы қазанда "Орда" ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Ол тұрғын үй құнының 30% көлемінде бастапқы жарнамен немесе бастапқы жарнаны қосымша кепілмен ауыстыру мүмкіндігімен 20 жылға дейін жылдық 12% (табысты толық растаған кезде) және 14% (табысты ішінара растаған кезде) мөлшерлемесімен бастапқы нарықта және бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алу үшін қарыз беріп келген.
Нұр-Сұлтан және Алматыда қарыз сомасы 1 млн теңгеден 65 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 1 млн теңге – 45 млн теңгеге дейін.
Өтінімдерді қабылдау және қарыздарға одан әрі қызмет көрсету "Еуразиялық банк" АҚ, First Heartland Jýsan Bank АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ арқылы жүзеге асырылды.
2018 жылғы қазаннан 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін аталған бағдарлама аясында 70 млрд-тан аса теңгеге 5 271 өтінім алынды. Оның ішінде 49,4 млрд теңге болатын 3 838 өтінім мақұлданды.