Тағы бір қоғамдық бірлестік құрылды

1659

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 270 мың қазақстандық із-түссіз жоғалған.

Тағы бір қоғамдық бірлестік құрылды

"Атаmnyn amanaty" деп аталатын қоғамдық бірлестік екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын іздеумен айналыспақшы. Бастама авторлары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында өздерінің жұмыс жоспарын таныстырды. Жекелеген азаматтардың ұсынысымен құрылған ұйым әзірге демеушілердің қаржысына жұмыс істеуде. Ал бірлестіктің бақылау кеңесіне Қарулы күштердің ардагер сардарлары басшылық жасайтын көрінеді.  Қазақстан Ардагерлер кеңесінің, құрылып жатқан ұйымның бақылаушы кеңесінің төрғағасы Марат Нағұманов өз сөзін екінші дүниежүзілік соғысты Қазақстан қандай шығынмен аяқтағанын еске алудан бастады.

"Елімізден екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 млн әскер кетті. Оның 600 мыңы майданда дүниеден өтті. 270 мыңнан астам сарбаз хабар-ошарсыз кетті. Біздің бірлестік сол боздақтардың жерленген орны мен сүйегін тауып, қалай өлгені туралы деректерді іздеумен айналысады. Негізі бұл жұмыстарды  Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі мен Қазақстан Халқы ассамблеясы 2014 жыл бастаған болатын.  Қазақстанды құрылған дивизиялар соғысқан жерлерде қазба жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Енді соны нақты ұйым аясында кешенді жүргізуге мүмкіндік туып тұр", – деді бірлестік өкілі.

Хабарсыз кеткен атасының деректерін тапқысы келген азаматтар аталмыш бірлестіктің аттас сайтына өтініш тастауы керек. Қазірдің өзінде сайтқа 300 адамнан өтінім түскен екен. Іздеу салынған 300 адамның 42-сі туралы нақты деректер табылған. Соның бірі – Сүйінбай Мазыбаев атты жауынгер. Соғыс құрбанын іздеуге ұрпағы Марс Нүкеев өтініш тастаған.
"Соғыста шаңырағы ортасына түскен үйлердің арасында нағашы атам Нүсіпбай Мазыбаевтың әулеті де бар. Ол үйден 3 адам соғысқа аттанған. Нағашыларым Сүйінбай да, Тұңғышбай да, Ұзақбай да хабарсыз кеткен. Бүгін солардың дерегін тауып қуанып отырмын Сүйінбай Мазыбаевтың сүйегі  Ресейдің Воронеж  облысынан табылды", – деді Марс Нүкеев.
"Атаmnyn amanaty" ұйымы Жеңістің 75 жылдығына қарай іздеу жұмыстарын жандандыра түспекші. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу