Бейресми дереккөздердің мәліметінше, кезінде Павлодардағы, кейін Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын басқарған Шухрат Данбай қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы – бөтен мүлікті ұрлау бойынша айып тағылып отырған көрінеді. Бірақ Қаржы мониторингі агенттігі бұған қатысты әзірше ешқандай ресми хабар таратпай отыр.
Еске сала кетейік, осы жылдың 7 ақпанында Павлодар мұнай-химия зауытының директоры Оспанбек Әлсейітовтің ұсталғаны туралы ақпарат та алдымен әлеуметтік желілерде желдей ескен еді. Қаржы мониторингі агенттігі бұл деректі тек 10 ақпан күні растады. Бұл жолы да сол "сценарий" қайталып отырған сыңайлы.
Айта кетейік, Шухрат Данбай 2009-2017 жылдары Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры қызметін атқарды. Осыдан бес жыл бұрын ішкі нарықта дизель отынының тапшылығы туындауы салдарынан бұл жұмысынан босатылды. Яғни, ол басшылық еткен тұста кәсіпорында жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмай, елде жанар-жағармаймен қамтуға қатысты қиындық туындады.
Ал 2019 жылдың ақпан айында Шухрат Данбай Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы болып тағайындалды. Былтыр тағы да жанармай тапшылығы туындап, бағасы күрт қымбаттап, зауыт жұмысында іркілістер пайда болған соң бұл жұмысынан да айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан соң "жылы орнын" босатуға тура келді.
Ажар Дәулетова