Шымкент қаласының әкімдігі Кең баба саябағын мемлекет меншігіне қайтаруда белсенді жұмыстар атқаруда. Қазір бұл мәселе бойынша бірнеше сот отырысы өтіп, нәтижесінде Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі расталып, өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дегенмен, әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар көп.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылы Шымкент қаласы әкімінің шешімімен жалпы көлемі 3,9272 га жер телімі "ЧПКФ "Сапар" ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыруға 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген болатын.
Өкінішке орай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмады. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар да қиратылды.
Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады. Себебі, 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған болатын.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес Кең баба саябағының аумағы "жасыл аймақ" болып белгіленген. Алайда, сот процесі аяқталғанша, бюджет қаражатын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмады. Нысанның сын көтермейтін жағдайы азаматтардың арыз-шағымдарын туғызып, саябақ әлеуметтік міндеттемелерді орындай алмаған бизнестің алаңына айналды.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін беру және кейінгі мәмілелер туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының күшін жою бойынша талап арыз жолданды. 2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен департаменттің талап арызы қанағаттандырылды. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.
Осылайша, Кең баба саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақ мемлекет меншігіне түпкілікті қайтарылғаннан кейін әкімдік алдында жасыл аймақты қалпына келтіру, тұрғындардың отбасылық серуеніне жағдай жасау міндеті тұр.
Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарының мүддесі үшін бұл жобаны сәтті аяқтап, Кең баба саябағын қалпына келтіруге бар күш-жігерін салады.
Алайда, "Критика Шымкента" парақшасы әкімдік атына жекелеген азаматтардың негізсіз арыз-шағымдарын жариялауды жалғастыруда. Бұл ұстаным көп сұрақ туғызады. Әкімдіктің салалық қызметкерлеріне қатысты құқықтық, моральдық және эстетикалық негіздемесі жоқ теріс мәлімдемелердің неліктен қолдау тауып отырғаны түсініксіз.