Жалағаш ауданы прокуратурасымен масаң күйде жасалған қылмыстардың орын алу себептері мен жағдайларына жүргізілген талдау барысында соңғы 3 жылда тіркелген 329 қылмыстың 14% алкогольді масаң күйде жасалғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте қылмыстың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп, "Жалағаш – заңға бағынған, тәртіпке негізделген аудан" атты іс-шаралар жол картасын бекітті.
Жол картасы аясында прокуратураның үйлестіруімен полиция органы, әкімдік өкілдері, ақсақалдар кеңесі, жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен тұрғындар арасында кең көлемде сауалнама және ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде жергілікті сауда орындарының иелері алкогольді өнімдерді сатудан ерікті түрде бас тартуға келісімдерін беріп, ауданға қарасты 14 ауылдық округ "Ішімдіксіз ауыл" ретінде жарияланды.
Қабылданған шаралар бірінші кезекте өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуда оң нәтиже беріп, ауданда қауіпсіз әрі заң мен тәртіпке бағынатын қоғамдық ортаны қалыптастыруға бағытталды.