"Тағы да дәнекерлеуші кінәлі ме?": Павлодарда салынып жатқан көпірден өрттің шығу себебі белгілі болды

Бұл – елдегі бірегей жоба.  

"Тағы да дәнекерлеуші кінәлі ме?": Павлодарда салынып жатқан көпірден өрттің шығу себебі белгілі болды Фото: ТЖД

Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін көпір осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын апаттық жағдайда деп танылған еді. Сондықтан Президенттің тікелей тапсырмасымен өңірде жаңа көпір құрылысы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірді жобалау, қажетті қаражатты бөлу жұмыстары біраз уақыт алған еді. Әйтеуір, былтыр ауқымды құрылыс басталып, қарқынды жұмыс жүргізілді. Мамандар аз уақыт аралығында бірегей жоба болып саналатын көпірдің қаңқасын тұрғызды. Тіпті, аязды күндердің өзінде қызметкерлер бір сәтке дамыл тапқан жоқ. 

Жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстың "жібін" демалыс күндері шыққан өрт үзді. Алдымен 31 қаңтар күні кешкісін, кейін ертеңгі күні таңертең құрылыс алаңы қызыл жалынға оранды. Сол тұста өрт сөндірушілер оқиға орнына тез арада жетіп, тілсіз жауды "жеңген" еді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. 

"Казахдорстрой" ЖШС жоба жетекшісі Нұрмұхамет Бесембаевтың айтуынша, сенбі күні сағат 20.00 шамасында 4 бағаннан өрт шықты. 

"Дәнекерлеуші дәнекерлеу жұмыстары барысында өрт қауіпсіздігін сақтамағаны анықталды. Дәлірек айтқанда, ұшқындардың таралуына жол бермейтін қорғаныс құралын қолданбаған. Соның салдарынан тұтану орын алды", – дейді жоба жетекшісі. 

Ал жексенбі күні таңертең бесінші бағанда бетон қоспасын жылытуға арналған дизель құрылғысынан ақау болып, өрт шықты. Енді барлық салдарын арнайы комиссия зерделеп, тексереді. Қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруды мердігер компания өз мойнына алып отыр.  

Мұндай төтенше жағдайлар құрылыс жұмыстарының барысына теріс әсер етері анық. Бұған дейін жоспарлы кестеден екі айға озып келе жатқан жұмыстар енді бәсеңсіп қалатын түрі бар. Бірақ жауаптылар соған қарамастан көпір құрылысын уақытылы тапсырамыз деп отыр. Жоспар бойынша, құрылыс биыл қараша айында аяқталуы тиіс. Бұл жобаға 70 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу