Илон Маск байлығы 800 миллиард доллардан асқан әлемдегі алғашқы адам атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Азертадж" басылымына сілтеме жасап.
Forbes Real-Time Billionaires ақпаратына сәйкес, Илон Маск SpaceX пен xAI компанияларын қосу нәтижесінде дәулеті одан сайын артқан. Біріккен компанияның бағасы 1,25 триллион долларға бағаланған. Америкалық Forbes басылымының жазуынша, Илон Масктың әлемдегі алғашқы триллионер атануына аз қалды.
Мәмілеге дейін Масктың SpaceX компаниясындағы үлесі 42%-ға жуықтаған, ал xAI акцияларының 49%-ы тиесілі болған.
Қазан айында Tesla акцияларының күрт өсуіне байланысты оның байлығы 500 миллиард долларға жетті. Желтоқсанда SpaceX бағасының өсуімен Масктың жиған-тергені 600 миллиард доллардан асты. Ал бірнеше күннен соң оның дәулеті 700 миллиард долларға жеткен. Илон Маск миллиардерлер тізімінде басқа көшбасшылардан айтарлықтай алда келеді. Екінші орынға Google компаниясының тең құрылтайшысы Ларри Пейдж орналасты. Оның байлығы 281 миллиард долларға тең.
Айта кету керек, бұған дейін Илон Масктың дәулеті 500 миллиард долларға жеткенін жазғанбыз. Илон Маск өзіне тиесілі екі компанияны біріктірді.