Қазақстан азаматтарына Таиландта визасыз жүру мерзімі қысқарды

209

​Таиланд Қазақстан азаматтарының елде визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге қысқартты. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстан азаматтарына Таиландта визасыз жүру мерзімі қысқарды Фото: Kazinform

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, өзгеріс Таиланд Министрлер кабинетінің шешімімен енгізілген.

"Таиланд билігі бұған дейін Қазақстанды қоса алғанда 93 ел мен аумақтың азаматтарына 60 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік берген еді. Бұл шешімнің күші жойылды. Таиланд тарапы мұны ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық жағдайды ескере отырып, көші-қон саясатын жаңарту қажеттілігімен түсіндірді", – деді Жанболат Үсенов елордадағы брифингте.

Оның сөзінше, енді Қазақстан мен Таиланд үкіметтері арасында жасалған ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім қайта қолданылады.

Құжатқа сәйкес, қазақстандықтар Таиландта елге кірген күннен бастап 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Алайда әрбір 180 күн ішінде визасыз болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы керек.

"Қысқасы, Қазақстан азаматтарының Таиландта визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарды. Сондықтан Таиландқа сапар жоспарлаған азаматтар осы өзгерісті ескергені жөн. Егер елде 30 күннен ұзақ болу қажет болса, тиісті визаны алдын ала рәсімдеу керек", — деді ресми өкіл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу