Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс болды. Салдарынан бір таиландтық әскери қызметкер қаза тауып, тағы екі сарбаз жарақат алды. Бұл туралы жергілікті БАҚ жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Таиланд армиясының өкілі, генерал-майор Винтай Сувари дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 05:05-де камбоджалық әскерилердің Таиланд аумағына оқ жаудырғанын мәлімдеді. Бұған олар қарымта жауап қайтарған.
Ал таңғы 07:00-де камбоджалықтардың шекараға жақын басқа аумақтарды, соның ішінде Анупонг әскери базасын атқылағаны айтылған. Шабуыл кезінде бір таиландтық әскери қызметкер көз жұмды, тағы екеуі жараланған.
Генерал-майордың сөзінше, таиландтық әскерилер Камбоджаның бірнеше аймағындағы әскери нысандарға әуеден соққы жасап, артиллерия қолданған камбоджалық күштердің позицияларын басуға тырысқан.
Өткен жексенбіде камбоджалық әскерилер Таиландтың бірнеше шекаралас аудандарына шабуыл жасаған. Осыған байланысты шекарадағы төрт провинцияның тұрғындарын эвакуациялау туралы бұйрық шықты.