Таиланд пен Камбоджа арасындағы даулы шекара аймағында жағдай шиеленісе түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Таиланд тарапы қақтығыстар бес шекаралас провинцияда жүріп жатқанын хабарлады. Әскери құрылымның мәлімдеуінше, АҚШ Әскери-теңіз күштерімен бірлескен Трат провинциясындағы камбоджалық сарбаздарды шегіндіру операциясы аяқталуға жақын. Тай әскерилері Камбоджа артиллерия, зымыран қондырғылары және ұшқышсыз аппараттарды қолданды дейді.
Таиланд Қорғаныс министрлігінің өкілі Сурасант Конгсири: "Біз өз аумақтық тұтастығымызды қорғауға міндеттіміз. Қажет болған жағдайда әскери шаралар қабылданады", – деп мәлімдеді.
Ал Al Jazeera дерегінше, Камбоджада 30-дан астам шетелдік дипломат пен БҰҰ өкілдері қатысқан шұғыл брифинг өтті. АСЕАН атысты тоқтату бақылаушылары жиынға онлайн қосылған.
Камбоджа билігі Таиландтың "қақтығысты өзі қайта бастады" деген айыптауларын жоққа шығарып, атысты тоқтату режимін адал сақтап отырғанын атап өтті. Елдің Қорғаныс министрлігі дүйсенбіден бері тоғыз бейбіт тұрғын қаза тауып, 20-дан астам адам жараланғанын хабарлап, Таиландты "қатыгез әрі заңсыз әрекеттер жасады" деп айыптады.
Таиланд үш әскери қызметкердің қаза тапқанын, тағы 29 сарбаздың жараланғанын мәлімдеді. Қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты екі жақ та шекара маңындағы жүздеген мың адамды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Бұл – шілде айындағы ауыр шайқастардан кейінгі ең ірі қақтығыс. Ол кезде бес күн бойы зымыран және артиллериялық соққылар алмасып, 48 адам қаза тауып, 300 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді.
Еске сала кетсек, шілдеде екі ел атысты тоқтату туралы келісімді бекіткен. Қазан айының соңында Куала-Лумпурда өткен АСЕАН саммиті кезінде Таиланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракун мен Камбоджа үкіметінің басшысы Хун Манет АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен жаңа бейбіт келісімге қол қойған болатын.