Таиланд тұрғыны отбасын құтқару үшін екі ғимарат арасынан секірген

Бангкокта болған жер дүмпуі кезінде ер адам биік ғимараттардың ортасындағы көпірдің қирағанына қарамай секіріп кеткен. 

Таиланд тұрғыны отбасын құтқару үшін екі ғимарат арасынан секірген Фото: бейнежазбадан

Бұл туралы Daily Mail басылымына сілтеме жасап inbusiness.kz сайты хабарлайды.

36 жастағы Квон Ёң Джун шамамен 180 метр биіктіктегі екі ғимаратты байланыстырып тұрған көпір қираса да, ажырап қалған аралықтан өте алған. Ол бұл қадамға әйелі мен баласына жету үшін барыпты.

Оқиға наурыздың 28-і күні, яғни жер дүмпуі басталған уақытта тіркелген. Квон спортзалда жаттығу жасап жүргенде 7,7 магнитудалы жер сілкінісі болады.

Таңғажайып іс-әрекетке барған Квонның келіншегі Сукания Ютуам "болған жағдайды әлі де елестету мүмкін емес" деп отыр.

– Көрудің өзі қорқынышты еді. Бұл – өте қауіпті әрекет. Бірақ күйеуім қашанда отбасын бірінші орынға қояды, – деді ол.

Қауіпті қимыл жасаған ол қолын ғана жарақаттаған. Үйіне жеткен уақытта әйелі мен қызының қауіпсіз жерге шыққанына көз жеткізген. Ер адам 40 қабаттан жаяу түсіп, отбасымен аман-есен қауышты.

Қазіргі уақытта қираған кешеннің құрылыс компаниясы ғимаратқа тексеру жүргізді, қауіпсіз екенін мәлімдеді. Бірақ, Бангкокта қатты зақымданған басқа ғимараттар баршылық. Құрылысы жүріп жатқан бір биік ғимарат толықтай опырылып кетсе, ондаған адам үйінді астында қалып қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу