Таиланд шетелдік туристер үшін визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс 2024 жылдың шілдесінен бастап визасыз режим енгізілген 93 елдің азаматтарына қатысты болмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Таиланд билігінің мәліметінше, мұндай шешім шетел азаматтарының заңсыз әрекеттері мен елде рұқсатсыз ұзақ уақыт болу деректеріне байланысты қабылданған.
Туризм және спорт министрі Сурасак Пханчароенворакул 60 күндік мерзімнің тым ұзақ екенін айтып, кей адамдардың визасыз режимді өзге мақсатта пайдаланып жүргенін мәлімдеді.
Сондай-ақ билік туристік сапардың мақсатына сәйкестігін тексеруді күшейтпек. Ал оқу, тағылымдама немесе емделу мақсатында келетін азаматтарға тиісті виза рәсімдеу ұсынылады.
Кейінгі дерек бойынша, 2026 жылдың басынан бері Таиландқа 12,4 млн шетелдік турист келген.