Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 37 жастағы павлодарлық облыстық ауруханаға 38 градусқа дейінгі температура, бөрітпе, ентігу, әлсіздік, летаргия, балтыр бұлшықетінің, буындардың ауырсынуы секілді шағымдармен келген.
"Науқас бір апта бойы үйінде ауырған, амбулаториялық кезеңде емдеу нәтиже бермеген соң инфекция бөліміне жүгінді. Тексеру кезінде инфекционист дәрігерлер әрдайым басқа елдерге барған-бармағанын сұрайды. Жігіт осы жақында ғана Таиландтан келген, оны жәндік шағып алыпты. Ер адам шұғыл ауруханаға жатқызылды, клиникалық және аспаптық зерттеу жасалды. Диагноз - денге безгегі. Алтыншы күні пациент айығып, үйіне шықты", - деді аймақтың ДСБ.
Денге - адамға масадан берілетін вирустық инфекция. Тропикалық және субтропикалық климаты бар аймақтарда жиі кездеседі. Қазақстанда тек шетелден әкелінген жағдайлар тіркеледі, бұл ауру бізге тән емес. Адамнан адамға жұқпайды. Бірақ денге безгегі қан кетіп, шок туғызатын, кейде өлімге апарып соғатын геморрагиялық қызба тудыруы мүмкін.