Таиландтан Астанаға почта арқылы есірткі тасымалданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Таиландтан халық тұтынатын тауарлары түріндегі почта сәлемдемелері арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын жеткізу фактісін Қаржылық мониторинг агенттігі "Әуежай-Астана" кеден бекеті мен "DHL" курьерлік компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп тоқтатты.
ҚМА Астана қаласы бойынша Департаментінің қызметкерлері қызметтік-іздестіру итінің көмегімен "DHL" уақытша сақтау қоймасын тексеру кезінде кедендік бақылау аймағында халықаралық почта жөнелтімдерінен 3 қорап табылды, олардың ішінде жалпы салмағы 3,5 кг каннабис сығындысы (гашиш майы) табылды. Жедел-тергеу іс – шаралары барысында төрт күдікті анықталды, олардың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді, онда салмағы 787 гр марихуана және есірткі заттарын өлшеп-орау үшін қажетті басқа да заттар табылып, тәркіленді" делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 4 күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.