Пхукеттен ауыр халде жеткізілген сәби алматылық дәрігерлердің арқасында аман қалды

686

1200 грамға салмақ қосқан Асланның өмірін қазақстандық дәрігерлер күрделі операция арқылы сақтап қалды.

Пхукеттен ауыр халде жеткізілген сәби алматылық дәрігерлердің арқасында аман қалды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Тайландтың Пхукет қаласынан санитариялық авиация арқылы Қазақстанға жеткізілген шала туған нәресте екі айдан астам уақытқа созылған емнен кейін үйіне шығарылды. Кішкентай Аслан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында дәрігерлердің бақылауында болып, жағдайы тұрақтанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аслан 1 ай 18 күндік кезінде ауыр асқынулармен және дене салмағының өте төмен болуына байланысты Алматыға жеткізілген. Ол бірден жаңа туған нәрестелердің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды.

Дәрігерлер сәбидің өміріне қауіп төндірген жасырын ішек перфорациясын дер кезінде анықтап, шұғыл операция жасады. Балалар хирургтері патологияны жойып, нәрестенің өмірін сақтап қалды.

Операциядан кейін Аслан неонатологтер, анестезиолог-реаниматологтер, балалар хирургтері мен басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық топтың тәулік бойы бақылауында болды.

Кешенді ем мен заманауи медициналық технологиялардың арқасында сәбидің жағдайы жақсарды. Емдеу барысында оның салмағы 1200 грамға артып, бүгінде 2500 грамға жетті. Қазір Аслан оттегі көмегінсіз тыныс алады, табиғи жолмен қоректенеді, ішек қызметі қалпына келіп жатыр.

"Емдеудің әр кезеңі мұқият клиникалық шешімдер қабылдауды және бүкіл команданың барынша жұмылдырылуын талап етті. Уақтылы ұйымдастырылған медициналық эвакуацияның, жедел диагностиканың, шұғыл хирургиялық араласудың және мамандардың кәсіби біліктілігінің арқасында баланың өмірін сақтап қала алдық. Сондай-ақ сәбидің отбасы қымбат тұратын медициналық көмектің толық көлемін мемлекет есебінен тегін алғанын ерекше атап өткім келеді", – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Абай Құсайынов.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі санитариялық авиация жүйесі пациенттерді эвакуациялаумен қатар, күрделі медициналық көмекті ұйымдастыруға және мамандардың өңірлерге шығуына мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кішкентай Асланның өмірін сақтап қалған дәрігерлерге, мейіргерлерге және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұжымына алғыс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу