"Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Алматы әуежайында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері ҰҚК және "Жетісу" кеден бекетімен бірлесіп, Пхукет-Алматы рейсімен келген 42 жастағы шетел азаматын ұстады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жүкті тексеру кезінде одан жалпы салмағы шамамен 3 килограмм болатын кептірілген марихуана салынған 6 пакет табылды.
– Алдын ала мәлімет бойынша ұсталған азамат жүкті Тайландтан алып келген. Яғни, сәлемдемені тексерместен бейтаныс адамдардан ақшалай сыйақы үшін алған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Ведомство азаматтарды сақ болуға және есірткі қылмысына қатыспауға шақырады.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының м.а. Данияр Мейірханның айтуынша, мұндай салғырттық қылмыстық жауапкершілікке, тіпті бас бостандығынан айыруға алып келуі мүмкін.