Тайваньдық Gold Apollo компаниясы Ливандағы Хезболла жауынгерлерінің қолында жарылған пейджерлер өндірісімен айналыспайтынын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Компания AR924 моделінің пейджерлерін шығаруға ешқандай өкілеттігі жоқ екенін хабарлады.
"Біз тек сауда белгісін пайдалануға рұқсат береміз және бұл өнімді әзірлеуге немесе өндіруге қатыспаймыз", - деді компания Gold Apollo брендін пайдалануға лицензиясы бар BAC компаниясы пейджер өндірісімен айналысатынын атап өтіп.
Gold Apollo басшысы Су Цинкуан брифингте аппараттар Тайваньда емес, шетелде шығарылатынын хабарлады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Кәсіпкер BAC аббревиатурасын нені білдіретінін және компанияның бас кеңсесінің орналасқан жерін атамады.
Жарылыстардан кейін Ливанда әлеуметтік желі қолданушылары таратқан кадрларда Gold Apollo Rugged pager AR924 моделінің пейджерлері жарылғанын көруге болады.
Жақында Ливанда Хезболла жауынгерлері қолданған пейджерлердің жаппай жарылысы болды.
Денсаулық сақтау министрлігі пейджерлердің жарылуы салдарынан 9 адамның, оның ішінде баланың қаза тапқаны туралы хабарлады. 2800-ге жуық адам жарақат алды, оның ішінде 200 адам ауыр жағдайда.
Ливан билігі бұл оқиға үшін жауапкершілікті Израильге жүктеді. Тель-Авивте әлі мәлімдемелер болған жоқ.
Израиль мен Ливан шекарасындағы жағдай 2023 жылдың 8 қазанынан бастап, Израильдің бұғатталған Газа секторына жаппай шабуылдары басталғаннан кейінгі күні күшейе түсті.