Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына және тұтынушылардың құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттіктің мәліметінше, бұған 2026 жылғы 11 қазанда "Яндекс Go" сервисінің уақытша қолжетімсіз болуына байланысты жол жүру құнының едәуір өскені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламалар негіз болды.
"Пайдаланушылардың такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысуы нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен. inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді", – делінген хабарламада.
inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес, жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендетіп, сондай-ақ баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.
Сонымен қатар агенттік Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығының жоғары шоғырлану деңгейімен сипатталатынын атап өтті. Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін ерекше маңызға ие.
Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен өзге де күтпеген мән-жайлар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады.
"ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін. Осыған байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жолдады.
Агенттік бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін және оның ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға әрі такси агрегаторлары қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді", – делінген БҚДА таратқан ақпаратта.
inDrive компаниясы аталған жағдайға байланысты түсініктеме берді.
"inDrive компаниясы тапсырыстар саны алғаш күрт өскен 9 қазаннан бастап сапарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдай бастағанын растайды.
Жұма күні баға 1 сағат ішінде тұрақтанды. Ал жексенбіде сұраныс бұдан да жоғары болған кезде, бағаны тұрақтандыруға шамамен 3 сағат қажет болды. Сұраныс шарықтаған кезеңде желі бойынша бір сапардың орташа құны 519 теңгеден аспады. Қазіргі уақытта сервис тұрақты жұмыс істеп тұр.
Сапардың түпкілікті бағасын жүргізуші мен жолаушы өзара белгілейтінін атап өткен жөн. Тапсырыстар саны күрт артып, бос көліктер жеткіліксіз болған жағдайда, пайдаланушылар сапарға тезірек шығу үшін жоғары баға ұсына бастайды.
Сапарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін сұраныс ең жоғары қалаларда сервис комиссиясын 1%-ға дейін төмендеттік. Сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін мыңдаған жүргізушіні жұмысқа тартып жатырмыз. Жаңа жүргізушілерді тексеретін топтың санын екі есе арттырып, сервис қауіпсіздігін күшейту шараларын қолға алдық.
Бұған дейін inDrive қолданбаған пайдаланушылар үшін "Саудаласусыз" тарифін Қазақстанның тағы 17 ірі қаласында шұғыл іске қостық. Бұл тарифте жүргізуші мен жолаушы бекітілген баға бойынша сапарға келіседі. Осылайша, пайдаланушылар саудаласпай-ақ, алдын ала белгілі бағамен тезірек жолға шыға алады.
Біз жағдайды бақылап, пайдаланушыларға қолжетімді сапар нұсқаларын көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – делінген хабарламада.